​Қазақстан-Ресей матчынан кейінгі бас бапкерлердің пікірлері

12 aqpan
1642

​Қазақстан-Ресей матчынан кейінгі бас бапкерлердің пікірлері

Командалардың бас бапкерлері Қазақстан – Ресей матчына пікір білдірді

Қазақстан құрамасының тәлімгері Юрий Михайлис өткен ойындағы ойыншыларының қимылына дән риза:
- Жақсы, біркелкі ойын болды. Қос команда қозғалыс, тартыс, табандылық жағынан бір біріне дес бергісі келмеді. Бірінші кезеңде ұтымды сәттер көп еді, алайда қарсыластың қорғанысы мығым болды. Соңында Ресей командасын ойыншыларының аластатылуы әлсіретіп жіберген сияқты, ал біз соңына дейін шыдап-бақтық.
Өзімнің және бүкіл бапкерлер штабының атынан жігіттердің барлығына алғыс айтамын. Бүгін бәрі тамаша қимылдады. Қазақстан чемпионаты қызған шақта келгендеріне рақмет. Көшбасшыларын осы турнирге жіберген клуб басшыларына алғыс айтамын. Жігіттердің бәрі жарады, жақсы ойын көрсетті. Қақпашыларымыз – Никита Бояркин мен Андрей Шутов мықты ойнады. Тұтас команда бұл жеңіске бек лайық.
Ресей құрамасының бас бапкері Олег Браташ:
- Қарсылас әбден шыныққан мықты құрамды шығарды. «Барыстағы» бұл хоккейшілердің барлығын жақсы білеміз. Мұндай мықты қарсыласқа қарсы біздің жас жігіттердің қалай ойнайтынын бақылау қызық болды. Біздің жастар бұл сынақтан жақсы өтті деп есептеймін. Кішкентай ғана сәт ойынның тағдырын шешті. Бүгін тіпті жеңімпаз атануға мүмкіндік болды. Мен жігіттердің арқасынан қағып, алғысымды білдірдім. Расында да жігіттер барын салды. Жеңіске жетуге сәл-пәл жетпей қалды, бәрі оңынан туғанның өзінде де жеңу мүмкін болмай жатады.
Турнир аяқталды, ертең жолдастық ойын өтеді. Әрине, жігіттер бүгін психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да барын салды. Сондықтан ертеңгі ойын оңай болмайын деп тұр. Оның үстіне, әл жинауға тәулікке толмайтын уақыт қалып тұр. Дегенмен, ерік-жігерді жинап, жігіттерді дайындаймыз. Бұл – олардың жұмысы, оның үстіне елдің атынан шығып отыр.